Новости KZ

XIAOMI ҚАЗАҚСТАНДА ҚҰЛАНДАРДЫ САҚТАУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ

Xiaomi халықаралық технологиялық компаниясы Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) Оңтүстік Балқаш маңында қайтара жерсіндірілген құландарды сақтау жобасын қолдады.

ХІХ ғасырда Орталық Азия елдерінің аумағында: Қазақстанда, Өзбекстанда және Түрікменстанда есектер мен жылқылардың сыртқы келбетін бір өзіне үйлестірген, сирек кездесетін және таңғажайып жануарлардың үлкен табындарын кездестіруге болады. Оларды құландар деп атайды. Құландардың, әдетте, дене құрылымы шымыр және дене мөлшері үлкен болуы мүмкін.

Алайда, ХХ ғасырдың басында осы түрге жойылу қаупі төнді. Құландар Түрікменстанда, атап айтқанда «Бадхыз» қорығында ғана сақталды. Бір кездері бұл түр Қазақстанда негізгі экожүйелік түрлердің бірі болған. Бірақ өткен ғасырдың ортасында осы жануар республика аумағынан мүлдем жоғалып кетті. Сонан соң 1953 жылы құланды Қазақстан табиғатына қайта жерсіндіру бойынша белсенді жұмыстар басталды. «Бадхыз» қорығынан «Барсакелмес» қорығына ондаған жануар әкелінді. Сол кезде 12 бас құлан Барсакелмес аралына жеткізілді. Олар тез бейімделді, сондай-ақ олардың жалпы саны жылдан жылға тұрақты өсе бастады. Қазіргі уақытта Қазақстанның ерекше қорғалатын үш табиғи аумағында осы бірегей жабайы есектердің ірі табындары мекендейді.

Бүгінгі күні Қазақстанда 4000-нан астам құлан бар. Мұндай тығыздық қауіпті болып саналады, өйткені құландар басқа жануарлар сияқты жұқпалы аурулардың өршуіне бейім. Бұл олардың жаппай өлімінің себебі болуы ықтимал. Мұндай тәуекелдерді азайту үшін топтарды мекендендіру керек.

Соңғы онжылдықтарда құландардың саны артып келе жатқанына қарамастан, бұл жануар әлі де «сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген» жануарлар түрлері санатына жатады. Сонымен бірге ол Қазақстанның Қызыл кітабына және Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл тізіміне «Near Threatened» санатына (осал жағдайға жақын түрлер) енгізілген.

Бүгін Xiaomi қолдауымен Қазақстанда Қызыл кітапқа енгізілген құланды сақтаудың жаңа парағы ашылады. 2022 жылдың соңында БҰҰ Даму Бағдарламасы «Алтынемел» ұлттық саябағынан «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына 50-ге жуық жануардың тасымалдауын қаржыландырды. Жануарлар Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының қаржылық қолдауымен салынған уақытша қаумалға орналастырылды. Қаумал – Оңтүстік Балқаш маңында құландардың жаңа популяциясын құру үшін қажетті инфрақұрылымның бір бөлігі.

Жақын арада құландарды Сарыесік-Атырау шөлінің жабайы табиғатына шығару жоспарлануда. Алайда, оларды шығарылғаннан кейін үнемі қорғау және осы жануар түрлерінің қозғалысын бақылау қажет. Өйткені Сарыесік-Атырау шөлінің 10 миллион гектардан астам жерінде адамдар мүлдем тұрмайды. Бұл аймақта жайылым мен елді мекендердің болмауы шөлді браконьерлердің аң аулау үшін белсенді пайдалануына әкелуі мүмкін. Сондықтан қызыл кітапқа енген жануарларды бақылау өте маңызды қажеттілікке айналады.

«Қазақстанның табиғатын сақтау бүгінгі күні маңызды міндеттердің бірі болып табылады, өйткені ел аумағының басым бөлігі «осал» тобына жатады. Бұл климаттың өзгеруіне байланысты. Мұнда көптеген аудандар судың жетіспеушілігінен зардап шегеді. Бұдан басқа, республикада браконьерлік әлі де дамып келеді. Ал бұл оның фаунасына үлкен зиян келтіреді. «Болашақ ұрпақтың дала мен тауда жалаңаш шөлді немесе жартастарды көрмей, жабайы жануарлардың табындарын көруін ортақ күш-жігермен ғана қамтамасыз етуге болады», – дейді WWF Орталық Азия бағдарламасының директоры Григорий Мазманянц.

Xiaomi Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының құлан түрлерінің бір бөлігіне спутниктік қарғыбауларды орнату жобасын қолдады. Бұл мүмкіншілік «Іле-Балқаш» мемлекеттік резерваты мен Қазақстандық биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының мамандарына Қазақстанда құландардың жаңа тұрақты популяциясын құруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Xiaomi миссиясы адамдарға керемет өнімдерді әділ бағамен ұсыну ғана емес. Біз өз әлемімізді жақсартуға тырысамыз, сондай-ақ бізге көмектесетін серіктестерімізге алғыс айтамыз. Біз WWF-пен бірнеше жыл бойы бірге жұмыс істеп келеміз. Осы уақыт ішінде өзіміз мақтан тұтатын бірнеше жобаны жүзеге асыра алдық. Қазақстан табиғатының сұлулығын сақтауға қосқан шағын үлесіміз ел тұрғындарының жадында қалады деп үміттенеміз», – деп атап өтті ТМД-дағы Xiaomi бөлімшесінің басшысы Юй Мань.

Осы жобаның арқасында екі жыл ішінде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары құландардың қозғалысына мониторинг жүргізе алады. Бұл қайта жерсіндіру шеңберінде осы аудандағы келесі шығарылымдардың биологиялық негіздемелерін әзірлеу үшін бірегей ғылыми деректерді жинап қана қоймай, сонымен қатар кордондар мен резерват стационарларынан қашық орналасқан жануарлар топтарын браконьерліктен қорғау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.